Есесін толтырушы вакцинация

Егер бала кесте бойынша екпе алмаса, не істеу керек

Дереккөз: egu.kz

Неліктен өткізіп алған вакцинация кестесінің есесін толтыру керек?

Ұлттық екпелер күнтізбесінің міндеті — нәрестелер мен жасы кіші балаларды асқынуларға, мүгедектікке немесе тіпті өлімге апаратын қауіпті инфекциялардан қорғау.

Егер балаңыз кесте бойынша салынатын екпелерді өткізіп алса, біздің калькулятордың көмегімен вакцинация жоспарын жасауға болады. Жоспар тек ұсыныс-кеңес беретіндігін және оны міндетті түрде педиатрмен немесе отбасылық дәрігермен талқылау керектігін есте сақтаған жөн.

Балаларға арналған екпелер туралы барлық ақпаратты бала тіркелген емхананың медициналық картасынан, сондай-ақ арнайы профилактикалық егу картасынан (065/у нысаны) білуге болады. Сонымен қатар ата-аналар алынған барлық вакциналардың есебін бір құжатта жүргізу үшін екпе паспортын жасата алады.

Екпелер кестесін есептеу

1. Бүгінгі күнге дейін алынуы тиіс екпелердің тізімін көру үшін туған күніңізді енгізіңіз.

2. Алған екпелеріңізді белгілеңіз.

3. Жетіспейтін екпелер және оларды алу аралықтары бойынша ұсыныс-кеңестерді қарап шығыңыз – олар төмендегі бөлімде сипатталған.

Назар аударыңыз, қажетті вакциналар тізімі жас шамасына қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Мысалы, БЦЖ тек 7 жасқа дейін ғана жасалады, ал пневмококкқа қарсы вакцинаны емханада 5 жасқа дейін ғана алуға болады.

4. Кестені емдеуші дәрігеріңізбен талқылаңыз.

Деректер 1991 жылдан кейін туылған балалар мен жастар үшін актуалды екенін ескеріңіз. Осы кезеңге дейін ҚазКСР кезінде күнтізбе бойынша жүргізілген екпелер туралы жалпы мәлімет берілген.

Ең қысқа вакцинация аралықтары

БЦЖ – туберкулезге қарсы тірі вакцина

Кесте бойынша: 2 рет – перзентханада 1-4-ші күні және 6-7 жаста (бірінші сыныпта).

Егер БЦЖ перзентханада жасалмаса, оны тұрғылықты жердегі емханада алуға болады.

Маңызды: екі айлық жастан бастап бұл екпе тек Манту сынамасынан кейін жасалады.

Екінші БЦЖ әрдайым тек Манту сынамасынан кейін жасалады. 7 жастан кейін БЦЖ жасалмайды.

ВГВ — В гепатитіне қарсы әсерсіздендірілген вакцина

Кесте бойынша: 3 рет – перзентханада 2-4-ші күні (моновакцина), 2 және 4 айда аралас вакцина құрамында.

Егер бала осы екпені перзентханада алмаған болса, онда алты жасқа дейінгі кесте келесідей: 0-2-4 — бірінші вакцина, содан кейін тағы екі вакцина, әрқайсысы 2 айлық аралықпен.

Егер бала алты жасқа дейін осы екпені алмаған болса, онда алты жастан кейінгі кесте келесідей: 0-1-6 — бірінші екпе, бірінші және екінші екпе арасындағы аралық — 1 ай, екінші және үшінші екпе арасындағы аралық — 5 ай.

ВГВ-ға қарсы екпе қазақстандық күнтізбеге 1999 жылы енгізілді. 15 жастан асқан және вакцина алып үлгермеген немесе вакцина алған-алмағанын білмейтіндер үшін алдымен ВГВ-ға маркерлік диагностика жүргізіледі. Оң нәтиже шықса, вакцинация жүргізілмейді.

Бұл екпені 15 жасқа дейінгі балалар және қатер тобындағылар (ВГВ ошақтарында байланыста болған адамдар; медицина қызметкерлері мен медициналық ЖОО студенттері; қан реципиенттері; алғаш анықталған АИТВ жұқтырғандар; гемодиализдегі және трансплантация күтіп жүрген науқастар; онкогематология науқастары және иммуносупрессивті ем қабылдаушылар) тегін ала алады.

АбКДС-ИПВ-Hib және АбКДС-ИПВ-Hib-ВГВ — көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, полиомиелитке, B типті гемофильдік инфекцияға және В гепатитіне қарсы компоненттері бар аралас вакциналар

Кесте бойынша: 4 рет – 2 және 4 айда 6 компонентті вакцина (АбКДС-ИПВ-Hib-ВГВ). 3 және 18 айда - 5 компонентті вакцина (АбКДС-ИПВ-Hib). Мұндай кестені бала 3 жасқа толғанға дейін қолдануға болады.

3 жастан 7 жасқа дейін: 2 айлық аралықпен екі екпе, үшінші - екіншісінен кейін 6-12 айдан соң.

АбКДС-ИПВ-Hib-ВГВ және АбКДС-ИПВ-Hib — дифтерия анатоксинінің үлесі жоғары вакциналар, тек балаларға қолданылады. Вакцинаның қолжетімділігіне қарай есесін толтырушы вакцинация үшін аралас АбКДС-ИПВ-Hib-ВГВ орнына аралас АбКДС-ИПВ-Hib және бөлек ВГВ моновакцинасы қолданыла алады.

7 жастан 16 жасқа дейін: 1 айлық аралықпен дифтериялық анатоксин үлесі төмен 2 АбКДС екпесі, 6-12 айдан кейін үшінші екпе жасалады.

АбКДС құрамында тек көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы компоненттер ғана бар. Полиомиелитке, b типті гемофильдік инфекцияға және В вирустық гепатитіне қарсы компоненттер бұл вакцинаға КІРМЕЙДІ.

Маңызды: аталған инфекциялардың ішінде Қазақстанда В гепатитіне қарсы моновакциналар ғана бөлек сатып алынады.Полиомиелитке (ИПВ) және b типті гемофильдік инфекцияға (Hib) қарсы компоненттерді тек құрамында АбКДС бар аралас вакциналардан ғана табуға болады. Осы аралас АбКДС вакциналары (жасушасыз көкжөтел компоненті бар) Ұлттық екпелер күнтізбесіне 2013 жылы енгізілді. 2013 жылға дейін Қазақстанда толық жасушалы АКДС вакцинасы қолданылды.

АбКДС — дифтерия анатоксинінің үлесі төмен вакцина, онда тек көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге қарсы компоненттер ғана бар

Кесте бойынша: 6 жаста.

Егер есесін толтыру кестесі қолданылса, онда бала алдымен АбКДС-ИПВ-Hib (немесе АбКДС-ИПВ-Hib-ВГВ) екпесінің 3 дозасын, бір жылдан кейін дифтерия анатоксинінің үлесі төмен АбКДС екпесін алады.

АДС-М – дифтерия мен сіреспеге қарсы вакцина

Кесте бойынша: 16 жаста, содан кейін 10 жыл сайын ревакцинация.

Егер 16 жасқа дейін бірде-бір АбКДС екпесін алу мүмкін болмаса, 16 жастан бастап тек АДС-М екпесін ғана тегін алуға болады.

ОПВ – полиомиелитке қарсы ауыз (ауызға тамызу) арқылы енгізілетін тірі вакцина

Кесте бойынша: 12 айда.

Есесін толтыру кестесін қолдану кезінде аралас АбКДС-ИПВ-Hib немесе АбКДС-ИПВ-Hib-ВГВ екпесінің құрамындағы полиомиелитке қарсы әсерсіздендірілген вакцинаның кем дегенде 1 дозасынан кейін алу ұсынылады. ОПВ тек 14 жасқа дейінгі балаларға қолданылады.

ҚҚП — қызылша, қызамық және паротитке қарсы тірі вакцина

Кесте бойынша: 2 рет — 12-15 айда және 6 жаста.

Егер бала бірінші вакцинаны уақытында алмаса, алдымен өткізіп алған екпе жасалады, содан кейін екінші екпе кесте бойынша 6 жаста жасалады. Бұрын ҚҚП алмаған 6 жастан асқан балаға және ересекке кем дегенде 6 айлық аралықпен екі екпе жасалады.

Аралас ҚҚП вакцинасы Ұлттық күнтізбеге 2007 жылы енгізілді. Бұған дейін қазақстандық балалар қызылша мен қызамыққа қарсы моновакциналар алған.

Пневмо — пневмококтік инфекцияға қарсы әсерсіздендірілген вакцина

Кесте бойынша: 3 рет — 2, 4 және 12-15 айда.

Бір жасқа дейін пневмококқа қарсы бір екпе алған 1-2 жасар балалар: алдыңғы екпеден кейін кемінде 4 ай аралықпен екінші екпе алады.

Осы екпені бір жасқа дейін алмаған 1-2 жасар балалар: кемінде 4 айлық аралықпен екі рет екпе алады.

Пневмококтік инфекцияға қарсы екпе алмаған 2-5 жасар балалар: бір рет екпе алады.

Бұл вакцинаны Ұлттық күнтізбеге енгізу 2010 жылы басталып, 2015 жылы аяқталды. Бұл екпе 5 жасқа дейінгі балаларға тегін жасалады. 5 жастан асқан балалар мен ересектер оны емханада немесе жеке меншік егу бөлмелерінде ақылы түрде ала алады.

ВГА — А вирустық гепатитіне қарсы әсерсіздендірілген вакцина

Кесте бойынша: 2 және 2,5 жаста.

Бұл вакцина 2000 жылдардың басында енгізіле бастады. Ол облыстық бюджеттер есебінен сатып алынады, сондықтан, Ұлттық күнтізбеге енбеген. Дегенмен, оны Қазақстанның барлық дерлік өңірлерінде алуға болады.

Бұл екпені қазақстандықтардың бірнеше санаттары тегін ала алады:

- 2 жасар балалар;

- 14 жасқа дейінгі (қоса алғанда) АИТВ ошағында байланыста болған адамдар;

- В және С вирустық гепатиттеріне шалдыққан 14 жасқа толмаған балалар ремиссия кезінде.

Есесін толтыру кестесінің мысалы

Есесін толтыру вакцинациясын жүргізу тәртібі бірнеше факторларға тәуелді және емдеуші дәрігермен талқылануы тиіс.

Дозалар арасында сақталатын ең қысқа уақыт аралықтарын ескеріңіз, мүмкіндік болса, дәрігерге жиі-жиі бара бермеу үшін бір күнде бірнеше вакцина алыңыз. Сонымен бірге эпидемиологиялық жағдайды да ескерген жөн. Мысалы, қазіргі таңда біздің өңірде өршіп тұрған індеттерді ескере отырып, баланы қызылша мен полиомиелиттен тез арада қорғау керек.

Вакцинация тәртібіне қатысты есте сақтайтын басты ереже — ОПВ вакцинасы әрдайым кем дегенде бір ИПВ дозасынан кейін қолданылады.

Мысал: үш жасар балаға тек перзентханада ғана екпе салынған (БЦЖ және ВГВ-ға қарсы вакцина алған).

Есесін толтырушы вакцинация кестесінің мысалы:

0-күн: ҚҚП, гекса-вакцина (АбКДС-Хиб-ИПВ-ВГВ), Пневмо

0 күн + 2 ай: гекса-вакцина (АбКДС-Хиб-ИПВ-ВГВ), ВГА

0 күн + 8 ай: пента-вакцина (АбКДС-Хиб-ИПВ), ВГА, ОПВ

Осылайша бірінші күні-ақ бала үш вакцина (ККП, Пневмо және гекса-вакцина) арқылы 10 қауіпті инфекциядан қорғалады, ал 8 айдан кейін күнтізбені толығымен қуып жетеді.

Әртүрлі екпелерді бірге алуға бола ма?

Күнтізбедегі әрбір дерлік вакцина бірнеше дозадан тұрады. Неліктен және нәрестелер үшін қаншалықты қауіпсіз екені туралы «Дақпырт әңгіме» бөлімінде айтамыз.

Ұлттық күнтізбеге енген екпелерді бірге алуға, бір күнде алуға болады. Әсерсіздендірілген вакциналар арасында белгілі бір уақыт аралығын сақтау талап етілмейді.

Тірі вакциналарды (мысалы, ҚҚП және ОПВ) бір күнде алуға болады немесе араға бір ай салып алуға болады. Ерекше жағдайлар: егер ОПВ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша қолданылса, онда ҚҚП салдыру аралығы сақталмайды.

Балаларға арналған екпелерге қатысты тағы бір ерекше жағдай: аралас АбКДС-ИПВ-Хиб-ВГВ вакцинасын және желшешекке қарсы вакцинаны бір күнде алмаған жөн. Желшешекке қарсы вакцина Ұлттық күнтізбеге кірмейді.

Қалған ережелер эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша қолданылатын вакциналарға қатысты.

Келесі вакциналарды бір күнде алмаған жөн:

  • сары безгекке қарсы, тырысқаққа және іш сүзегіне (сонымен бірге паратифтен қорғай алады) қарсы;
  • іш сүзегіне және обаға қарсы.

Сондай-ақ 13.06.2018 жылғы № 361 бұйрықта вакциналар мен иммуноглобулин арасында сақталатын уақыт аралығы туралы ұсыныс-кеңестер берілген. Тірі вакциналарды (БЦЖ, ҚҚП және ОПВ) енгізгеннен кейін кем дегенде екі аптадан соң иммуноглобулин қолдануға болады. Әсерсіздендірілген вакциналарды қолданғаннан кейін уақыт аралығын сақтау қажет емес.

Қосымша екпелер

Қазақстанның Ұлттық екпелер күнтізбесіне енген вакциналарға қоса басқалары да бар. Оларды өзіңізге немесе балаңызға арнайы көрсетілімдер бойынша қосымша алуға болады. Сол екпелердің кейбірі бірқатар елдерде міндетті болуы мүмкін — бұл эпидемиологиялық жағдайға және мемлекеттің қаржылық әл-ауқатына байланысты болып келеді.

Менингококқа қарсы вакцина (В және A, C, W-135, Y серотиптеріне қарсы бөлек)

Аталған серотиптерден туындаған менингококк инфекциясының бактериялық түрлерінен қорғайды. А, С, W-135, Y серотиптеріне қарсы әсерсіздендірілген вакцинаны нәрестелерге 6-12 айлығынан бастап қолдануға болады. Мұндай жағдайда балаға ауруға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін үш доза қажет. Егер вакцина 1 жастан асқан балаларға, жасөспірімдер мен ересектерге қолданылса, онда вакцинаның 1 дозасы жеткілікті. Жекелеген тұлғаларға вакцинаның басқа дозасымен ревакцинация жасау ұсынылуы мүмкін. В серотипіне қарсы рекомбинантты вакцина 10 жастан асқан балаларға және ересектерге қолданылады. Толық вакцинация 6 ай аралықпен енгізілетін екі дозадан тұрады.

Тұмауға қарсы вакцина

Балалар мен ересектерді аурудың ауыр түрлерінен және ауруханаға түсуден қорғауға көмектеседі. Мемлекеттік емханаларда 1 жастан асқан балалар мен ересектер күзде тұмау маусымының алдында тегін екпе ала алады. Вакциналардың барлық қолжетімді түрлері — әсерсіздендірілген екпелер.

Желшешекке қарсы вакцина

Балалар мен ересектерді ауыр асқынулардан қорғауға көмектесетін тірі вакцина. Желшешек бір жасқа толмаған нәрестелерде және ересектерде өте ауыр өтеді. Бір жастан асқан балаларда бұл инфекция пневмонияға, ал кейбір жағдайларда энцефалитке апаруы мүмкін. Екпе кешені екі дозадан тұрады, оны 6 ай аралықпен жасату керек.

Ротавирустық инфекцияға қарсы вакцина

Балаларды өмірінің алғашқы жылдарында асқазан-ішек жолдарын инфекция шарпуы кезінде жедел жағдайлардан қорғайтын тірі, ауыз арқылы енгізілетін вакцина. Бұл екпені балаларға өмірінің бірінші жылы ғана жасаған жөн: 6 аптадан 8 айға дейін (34 апта). Толық иммундау кешені 3 дозадан тұрады.

Құтырмаға қарсы вакцина

Құтырма жұқтыру қаупі бар адамдарға профилактика ретінде, сондай-ақ құтырған, құтырған болуы мүмкін немесе екпе статусы белгісіз жануар қауып алғаннан кейін емдеу үшін қолданылады. Осы әсерсіздендірілген вакцинаның өмірлік маңызы бар, себебі, емделмеген жағдайда құтырма әр кез дерлік өліммен аяқталады. Вакцинация тәртібі жағдайға (профилактика немесе емдеу), жараның түріне және жануардың күйіне (құтырмаға қарсы егілген немесе егілмеген) байланысты болады. Емдеуді құтырмаға қарсы иммуноглобулинмен бірге жүргізуге болады.

Кене энцефалитіне қарсы вакцина

Кенелер тасымалдауы мүмкін энцефалит вирусынан қорғайтын әсерсіздендірілген вакцина. Кене энцефалиті бойынша энзоотиялық аймақтарда тұратын адамдарға жасатқан абзал. Бастапқы иммундау кешені кем дегенде 1 ай аралықпен екі дозадан тұрады, содан кейін бір жылдан кейін, әрі қарай 3 жыл сайын ревакцинация жасату қажет. Өндірушіге байланысты вакцинаны 1 жастан немесе 3 жастан бастап қолдануға болады.

Read more

Қосымша екпелер

Дереккөз: egu.kz Қазақстанның Ұлттық екпелер күнтізбесіне туберкулез, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, В гепатиті, полиомиелит, b типті гемофилдік инфекция, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және паротит сияқты 11 қауіпті инфекциядан қорғайтын 8 вакцина енгізілген. А гепатитіне қарсы тоғызыншы вакцина жергілікті бюджет есебінен сатып алынады, оны екі жасқа толған балалар тегін ала алады.

By Zulfiya Urunova

АПВ вакцинасы: адам папиллома вирусына қарсы

Дереккөз: egu.kz Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, АПВ-ға қарсы вакцина ата-анасынан немесе қамқоршыларынан рұқсат алынғаннан кейін 11 жастағы қыздарға енгізіледі. Вакцинацияның толық курсы – алты айлық аралықпен екі доза. Жоспарлы вакцинацияны 11 жасында өткізіп алғандарға, қыздардың 12-13 жасында вакцина алуға мүмкіндіктері болады. АПВ-ға қарсы вакцина қазақстандық егу күнтізбесінде әртүрлі

By Zulfiya Urunova

А гепатитіне қарсы вакцина

Дереккөз: egu.kz Қазақстан Республикасының Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес А вирустық гепатитіне (ВГА) қарсы вакцина балаларға 2 жаста және 6 айдан кейін 2,5 жаста салынады. Қандай вакцина қолданылады Өндіруші: Sinovac Biotech Со., Ltd (Қытай). Инфекциядан қорғайтын А гепатитіне қарсы вакцина А гепатиті А гепатиті — бұл бауырдың вирустық ауруы, ол

By Zulfiya Urunova