Аңыз: Қызылшамен ауырып, өмір бойына иммунитет қалыптастырып алған артық
Дереккөз: egu.kz
Шындығында дұрыс па? Мұны анықтайық.
Қызылша — ауа арқылы жұғатын өте жұқпалы вирустық инфекция. Қызылша вирусы үй-жайда екі сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Ауырып, сауыққаннан кейін адамда, шынында, өмір бойына иммунитет қалыптасады. Сондай-ақ, орташа есеппен, қызылшаның әрбір үшінші жағдайы асқынуға әкеледі.

Қызылшадан қандай асқынулар болуы мүмкін?
Ең көп таралғаны — диарея, құлақ инфекциясы, 40,5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін дене қызуынан болатын құрысу, пневмония, бронхит және ларинготрахеит.
Қызылша вирусынан соқыр және керең болып қалуы мүмкін, бұл вирус мидың қабынуына (энцефалит, менингит), жүйке жүйесінің бұзылуына және психикалық бұзылуларға, сондай-ақ миокардитке әкелуі мүмкін.
Кейбір жағдайларда қызылша және оның асқынуы өлімге әкелуі мүмкін. Мәселен, 2019 жылы қызылшаның өршуі кезінде Қазақстанда 19 бала және 2 ересек адам қайтыс болды. 2019 жылы сырқаттанғандардың саны 13000-нан асты.
Егер адамда қызылшаға қарсы екпе салынбаған болса, онда ол кез келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін. Қызылша жаңа туған нәрестелер мен жас балаларға, жүкті әйелдерге (мерзімінен бұрын босануға немесе түсік тастауға әкелуі мүмкін), сондай-ақ иммунитеті төмен адамдарға (иммун тапшылығы, АИТВ-оң нәтижелі) өте қауіпті болып келеді. Бұл қауіп топтарында аурудың асқынуы ықтимал.
Беріштендіруші жітілеу панэнцефалит (БЖПЭ) — қызылшадан кейін болатын ең қатты асқынулардың бірі, ауырғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң пайда болуы мүмкін. Бұл - прогрессивті және әдетте өлімге әкелетін ауру, қызылша вирусы миды зақымдайды. БЖПЭ қарсы дәлелденген және тиімді емдеу жоқ.
Иммундық амнезия — қызылшадан болатын салдардың бірі. Бұл дегеніміз, адам бұрын ауырған барлық инфекцияларға қайтадан шалдығуы мүмкін, өйткені қызылша иммундық жүйенің алдыңғы аурулар туралы жадын 70% - ға дейін өшіруі мүмкін. Иммунитетті қалпына келтіру кезеңі алты айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін.
Қалай қорғануға болады? Қызылша жұқтырудан және асқындырудан қорғанудың жалғыз жолы — ҚҚП вакцинасы (қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы құрамдастырылған вакцина). Ұлттық екпе күнтізбесі бойынша балалар бұл вакцинаны 12-15 айда және 6 жаста алады. ҚҚП вакцинасының екі дозасы қызылшаны жұқтыру мүмкіндігін, шамамен, 97%-ға төмендетеді. Вакцина тиімді ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз және қарсы көрсетілімдері өте аз. Бұл – иммун тапшылығы ауруы, оның ішінде АИТВ, қатерлі ісіктер және жүктілік.
COVID-19 пандемиясы кезінде карантиндік шараларға байланысты көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстанда да қызылша жұқтыру азайды. Сонымен қатар, ДДСҰ 2022 жылдың қараша айында бүкіл әлем бойынша 40 миллионнан астам бала 2021 жылы қызылшаға қарсы екпе алмағаны туралы есеп берді.
Құжатта «Қазір әлемде балалардың шамамен 81 пайызы қызылшаға қарсы вакцинаның бірінші дозасын алады және балалардың тек 71 пайызы ғана қызылшаға қарсы вакцинаның екінші дозасын алады. Бұл 2008 жылдан бергі қызылшаға қарсы екпе жасаумен қамтудың ең төменгі жаһандық көрсеткіштері» делінген. ДДСҰ болжамы бойынша, бұл жақын арада жаңа жаһандық қызылшаның өршуіне әкелуі мүмкін. Оған қоса, 2021 жылы 22 елде осы инфекцияның өршуі тіркелген.
Осылайша, «қызылшамен ауырып, өмір бойына иммунитет қалыптастырып алған артық» деп айту қате, себебі қызылша, көбінесе, асқынуға әкеледі. Қызылшамен ауырып, қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе ала алмайтындарға ауру жұқтыруы мүмкін және инфекциядан кейбіреулерінің қайтыс болуы ықтимал. Барлық осы қауіптерден қоғанудың жалғыз жолы - ең тиімді және барынша қауіпсіз болып табылатын ҚҚП вакцинасы.
Егер сіздің балаңыз кесте бойынша ҚҚП вакцинасын салдыру уақытын өткізіп алса, онда үнемі арнайы екпе калькуляторын пайдаланып, толық екпе жасату кестесін есептеуге болады.